1 қыркүйектен бастап барлық мектептерде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы іске қосылады! Жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі барлық білім беру ұйымдарында, соның ішінде жекеменшік мектептерде де тәрбие жұмысы «Адал азамат» атты біртұтас бағдарлама негізінде жүргізіледі. Бұл – бұған дейін жүзеге асырылған «Біртұтас тәрбие» тұжырымдамасының жалғасы, мазмұны жаңартылып, «Адал азамат – адал еңбек – адал табыс» идеологиясымен үндестірілген. Бағдарлама ҚР Оқу-ағарту министрлігінің 2025 жылғы 26 мамырдағы №123 бұйрығы негізінде ресми түрде бекітілді. Үйлестіруші – Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА. Мақсаты – адал, еңбекқор, елжанды азаматтарды тәрбиелеу. Жүйе жалпыұлттық құндылықтарға негізделіп, мектеп, ата-ана және қоғам арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған. 🔹 Енді бұл бағдарлама барлық мектептер, соның ішінде жекеменшік оқу орындары үшін де міндетті болады. 🔹 Барлық мектептер үшін бірыңғай визуалды стандарт – брендбук әзірленеді. 🔹 Мектептің ішкі және сыртқы келбеті ұлттық тәрбиелік құндылықтар мен мәдениетті бейнелейтін ортаға айналады. Тәрбие жұмысын іске асыруда барлық тараптардың – мектеп, ата-ана, мемлекеттік құрылымдар – бірлесе жұмыс атқаруы маңызды. Тәрбие ісі құқық қорғау, денсаулық сақтау, ішкі саясат құрылымдарымен тығыз байланыста жүргізіледі. 📌 Ай сайынғы тақырыптар сабақ пен сыныптан тыс іс-шараларды сабақтастырады. 📌 Құндылықтар – әділдік, еңбекқорлық, патриотизм – оқу үдерісінің өзегіне айналады. 📌 Мектеп өміріне «Өнегелі 15 минут», күй әуенімен қоңырау соғу, ұлттық ойындар секілді жаңа форматтар енгізіледі. Бұл өзгерістер оқушылардың мектеп қабырғасынан тыс өмірлік тәжірибесін де байытуға бағытталған.